Отбасы тәрбиесіндегі –әкенің рөлі.
Бүгінгі күні отбасы тәрбиесіне байланысты
«Қазақстан-2030» бағдарлама-сында болашақ ұрпақты алыс болашақта қандай сапада
көруіміз керектігі нақты айтылған. Сонымен бірге, өзінің ұрпағын тәрбиелеп,
қатарға қосу міндеті отбасы туралы Заңда, жоғары және орта білім
тұжырымдамасында әрбір отбасына жүктелген.
Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі ретінде отбасының құрылымы өзгеріп, оның
мүшелерінің саны азайып, әсіресе онда бала саны да кеми түскені анық. Әсіресе,
қоғамда болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси жаңғырулар мен
әртүрлі қоғамдық сипаттағы және әлемдік деңгейдегі ақпарат алмасулар отбасы
мүшелерінің арасындағы тұлғааралық қарым-қатынас сипатына да өз әсерін тигізіп
отырғаны белгілі. Бүгінгі нарық жағдайында ата-аналардың көпшілігінің жұмыс
бастылығы өз балаларына уақытын бөле алмау жағыдайына алып келіп отыр. Бүгінде отбасына тән бала тәрбиесіне аталған
жағыдайлар себепкер: күн санап көбейіп отырған ажырасулардың нәтижесінде балалары
әкесіз немесе анасыз өсуде; теледидар, жеке бөлме, компьютер мен ұялы
телефондар т.с.с. өркениеттің жетістіктері балалар мен олардың ата-аналарының
арасындағы қарым-қатынас процесін қиындата, күрделендіре, тіпті шиеленістіріп
отырғаны белгілі.
Отбасылық қарым-қатынаста оның әрбір мүшесінің рөлі ерекше болып табылады.
Отбасында ана баланы өмірге әкеледі, оны ақ сүтімен тамақтанды-рып, әлдилейді
және мәпелеп өсіреді. Анадан бала эмоциялық жылық пен махаббат сезімін сезінеді.
Ал, әке мен бала арасындағы
қарым-қатынас жайлы әртүрлі көзқарастар
мен тұжырымдар бар. Бір көзқарастарда балаға әкесі анасы арқылы байланысады десе,
екіншілері әке мен баланың байланысы тек экономикалық және эмоциялық қолдау деп
есептейді. Үшіншілері әкенің баласына деген ниеті, жасаған жақсылығы деген
тұжырым жасайды. Қазіргі таңда әкенің рөлі қалай болса да ананың рөлінен кем
болмауы керек. Себебі, қазіргі таңдағы жаһандану жағдайында, әсіресе еуропалану
уақытында ұлттық құндылықтарымыз арқылы баланы тәрбиелеу басты мәселелердің
бірі болып отырғаны белгілі. Отбасылық дағдарыстар- дың белең алуы көп жағдайда
еліктеушілік қасиетімізге байланысты екені ешкімге күмән туғызбас.
Ғалым-педагогтар мен психологтардың ойынша балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы
мен олардың берген тәрбиесіне жететін нәрсе жоқ. Балалардың дұрыс қалыптасуы
олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік,
қайырымдылық, сезімталдық, т.б. адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне
байланысты болады.
Өскелең ұрпақ тәрбиесінде әкенің ықпалы зор. Психологтар бала тәрбиесінде,
әсіресе ұл баланың келешегіне әкенің ықпалы қажет екенін айтады. Ол үшін әке
ұлымен сәби кезінен бастап дос болуы керек: «Әкесіз өркениет жоқ. Осы себепті
әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет. Қоғамның құрылуы
әкелерден басталады. Оны шешудің бірнеше жолы бар: отбасы проблемалары бойынша
зерттеулер жүргізу; қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде
БАҚ, кино арқылы арттыру; бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда
әкенің рөлі жоғары екенін көрсету; психологиялық тұрғыда үлгі тұтуға болатын
отбасыларды насихаттау. Сонымен қатар сарапшылар отбасылық құндылықтар,
шаңырақтағы отағасылардың міндеті мен мақсаты мен міндеттері т.б. туралы
газет-журналдар шығаруға ұсыныс айтады. Еркектердің тәрбиесіндегі маңызды жайт:
0-3 жас аралығында балаға әке қажет емес, 3-8 жас аралығында әке баланың
сенімді досына айналуы тиіс, 7-18 жаста – тәлімгері, 20 жастан кейін баланы
тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ол – ендігі дайын өнім. Оны өзгерту мүмкін емес.
Әке – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы және асыраушысы және тәрбиешісі.
Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл, ру
қамқоршысы, үлкен-кішіге бірдей азамат, ел ағасы ретінде көрінеді.
Әр отбасы – жеке мемлекет. Бұл мемлекеттің іргетасын қалаушы, оны басқарушы,
отағасы – әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы
әкеге байланысты. Ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылатын – әке. Әке
өсиеті мен тәлім-тәрбиесінің маңызы ерекше. Қанша дегенмен, жүрегі жұмсақ
аналарымыз кейде тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет
болып жатады.
Әке үйі - барлық балалары үшін «үлкен
үй», «қара шаңырақ» деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әке тәрбиесі
арқылы, ұл мен қыз балалардың өздеріне тән мінез-құлықтарын ерекше сергектікпен
қалыптастыратындығы да анық. Әсіресе, ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға
қажет тағылымдарды, көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Сондықтан да, әке
тәрбиесі дұрыс та, мейірімді болу керек. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон
пішер», – деп бекер айтпаса керек.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз
алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің
баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді,
көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтайды. Отбасында
ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Ата
өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін
дәстүр.
«Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі» дер едім.
Баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды
жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, үйленер жасқа келгенде баласын үйлендіру,
баласына ат қою, баласын сау етіп өсіру – бұлар әкенің басты міндеттерінің
бірі. «Әке асқар тау! Әкелер мәртебесі биіктей берсін!» дей отырып, аяқтаймын.