«Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен
бірге өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек! Жыл керуені алға жылжыған сайын Абай Құнанбайұлының артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қайнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, өркендей өсіп, айшықтала түсуде.
Асыл сөздері келешек заманымызда да гауһардай жарқырап, көзі ашық көкіректерге
нұр болып құйыла берері хақ.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі «Абай оқулары» 14.03. күні ауданымыздағы №8 қазақ мектебінде өтті. Ондағы мақсат, талантты
ақын Абай Құнанбайұлының ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату арқылы мәнерлеп жатқа айтуға, поэзияны сүюге, оны бағалай білуге, оқу дағдысын жетілдіре отырып, рухани танымын кеңейту болды. Абай оқуы ІІІ номинация бойынша өтті. Бірінші номинация - «Өлең –сөздің патшасы, сөз сарасы» Абай шығармаларын жатқа айту сайысы. Бұл номинация бойынша №7 қазақ орта мектебінің 10-сынып
оқушысы Жайсанбаева Арай - II орынды және 6-сынып оқушылары Арыстанова Аида мен Мырзақұл Арай III орынды қанағат тұтты.
Екінші номинация - «Көңілім әнді ұғады...» Абай әндерін орындаушылар сайысы. Бұл номинация бойынша 9-сынып оқушысы Омурзакова Камила қатысып, «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіре орындап, III орынды қанжығасына байлады.Үшінші номинация - «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...» жас дарындар сайысына 5-сынып оқушысы Нұрдыбек Айдана қатысып, мектебіміздің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хұрмет Нұрдыбектің «Абайға арнау» өлеңін оқып, II орын иеленді. «Абай оқулары – 2017» байқауы өз мәресіне жетті. Жүлделі орын алған оқушылар аудан намысын облыс көлемінде қорғайтын болады.