Бүгін күрделі жөндеуден өткен №7 қазақ орта мектебі өзінің есігін бастауыш сыныптарға айқара ашты. Барлығы 0-4 сыныптағы 14 комплект сынып санитарлық талаптарды сақтай отырып оқушыларды қабылдады. Еліміздегі қиын жағдайға қарамастан бастауыш сынып оқушыларын мектеп қабырғасында оқыту ата-аналардың келісімімен жұмысын бастаған болатын. Санитарлық талаптарға сәйкес бір сыныпта 15 оқушыдан көп болмауы сонымен қатар оқушыларды мектепке қабылдаудың уақытының әртүрлігі мен бірыңғай үзілістердің болмауы оқушы мен мектеп қызметкерлерінің денсаулығын сақтау үшін қабылданған шара екенін ұстаздар мен ата-аналар түсіністікпен қабылдады. Кіре берісте оқушы мен мұғалімдердің дене температурасы тексеріліп арнайы журналға тіркеледі, қолдарын антисептиктермен залалсыздандырып сынып бөлмесіне жіберілуін кезекші мұғалімдер мен медбике бақылауға алып отырады.
Осындай талаптарға қарамастан оқушылар мен ұстаздар мектепке қуанышпен оралып сабақтарын бастап кетті. Мектептің сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін білім ұясы қалаға ерекше көрік беретін ғимарат болары сөзсіз. Біз өз кезегімізде еліміздегі эпидеомологиялық жағдай тезірек аяқталып барлық оқушылардың сүйікті мектебіне оралуын, қалыпты жағдайда сабақтарын оқуды тілейміз.