Бүгін мектебімізде «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні» атты А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Оған мектебіміздің 1-11- сынып оқушылары түгелдей ат салысты. Ондағы мақсат, «Өлде деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...», - деп төрелігін өзі шешкен Ұлы Ақынның артында қалдырған мол мұрасын ұпақтың санасына жеткізіп, асыл қасиеттерін бойына сіңірту еді. Әдеби-сазды кештің тізгінін 9-сынып оқушысы Қуатова Мөлдір мен 10-сынып оқушысы Құрманқожа Нұрым ұстады.
«Мына тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?» - деген С.Торайғыровтың арнау өлеңін нақышына келтіре оқыған 1-сынып оқушысы Арыстан Асылжанның тақпағымен және 1-сынып оқушыларының Абай аталарына арнаған өлеңдерімен басталды.
Әрі қарай Ұлы Ақынды бүкіл әлемге танытқан, өзі де Абай арқылы танымал болған М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясынан сахналық қойылым көрсетілді. «Абай жолы» романы ХІХ ғасырдағы қазақ халқының ғана үні емес, бостандықты, азаттықты, теңдікті аңсаушы бүкіл әлем халқының асқақ даусы еді. Сол себептен де ол әлемнің түпкір-түпкіріне тоқтаусыз сапар шекті, барлық адамзат баласының жүрегіне жол тартты. Бұл роман ХІХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі болды. «Бала Абай» көрінісінде 6-сынып оқушысы Заңғар Абайұлы Абай бейнесін дәл сомдап, «Е-е...Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен...»,- деп әжесі Зереден қиыла ертегі сұраса, әже рөлін сомдаған 11-сынып оқушысы Әсел «Құламерген» ертегісін айтып берді.
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма...»,-
деп ақынның өзі айтқандай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», тар жол, тайғақ кешу өмір кешкен, өкініші мен өксігі көп, қайғысы мен қасіреті мол қараңғы қапас өлкеде де, ел мұңдарын «асау жүрегінен» ағыта, шабытты жыр ғып төккен, Абай өлеңдеріне берілді. А.Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Абайдан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» - деп, аса жоғары баға қойған екен. Кезекті 6-сынып оқушылары Аяулым, Еркежан, Махаббат, Аяулым, Аружандар алып, Ұлы Ақынның саяси-әлеуметтік және табиғат, махаббат лирикасына арнаған өлеңдерін оқып, көрермен қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін 6 «ә» сынып оқушылары хормен орындаса, «Көзімнің қарасы» әнін Ақмола облысына танымал әнші шәкіртіміз Нұртаза Диастың орындауында тіпті көріктене түскендей болды.
Әдеби-сазды кештің жұлдыздары 11-сынып оқушылары болды. Олай дейтінім, «Абай жолы» романының «Қайтанда» бөлімін нағыз әртістерше, рөлдерге ене отырып сахналады. Басты мақсат, бұл бөлімдегі тектілікті, тәрбиені, әке мен аналар орынын оқушылар бойына сіңіру болды.
Құнанбай рөлін – Ержан А., Абай рөлін – Нұрдыбек Ә., әже рөлін – Роза, анасы рөлін – Рауия сомдады. Абайдың оқудан келуі, қатты сағынған аналарына амандасуға жүгіріп бара жатқаны, анасының суық қана «ең бірінші әкеңе барып амандас» деуі, құлағы естімейтін әжесін өлеңімен ұшықтауы, одан кейін әкесінің Абайға тағатын үш міні, оған берер Абайдың ұтымды жауабы бәрі-бәрі сахнада көрініс тапты.
Сондай-ақ, Абай атамыздың қара сөздері – жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөз. Бұл қара сөздер орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. Қара сөздері тақырып жағынан алғанда ақынның өлеңдерімен астасып жатады. Онда адал еңбек ету, егін салу, саудамен айналысу, өнер үйрену, білім - ғылымды игеру, қоғамдағы әр түрлі топтардың қылып жүрген харекеті, мінез - құлқы, адамгершілік, имандылық секілді, бірталай мәселелерді қара сөздерінде кеңінен толғайды. Абай атамыздың «Он тоғызыншы» қарасөзін 6-сынып оқушысы Ардагер Айым жатқа оқыды.
Соңында А.Құнанбайұлы туралы айтылған пікірлерге кезек беріліп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Есенгулова Л. «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындады.
Ұлы Мұхтар «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз Ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен, тек қана сол тереңнен дәм таттық қой деп ойлаймыз. Абайдың артына қалдырған мол мұрасы ұрпағы барда, қазақ барда мәңгі бірге жасамақ.